20/12/2020
Алла балапаныма шымшықтың тұмсығындай ғана келте ғұмыр нәсіп етіпті. Сол санаулы күндерінде не азап көрмеді, сезінген ауыртпалығы атан түйеге жүк. Оның тартқан азабын салыстырмалы сөзбен сипаттау әбестік.
Бала болып еркін ойнай алмады, қалағанын ішіп, тәбеті тартқан тағамын жей алмады. Шектеу, шектеу, шектеу...
Балалық шағы болмады құлынымның. Ол үлкен адамдар да төзе алмайтын үш жылға созылған бәлекетпен арпалысқа толы "соғысты" бастан кешірді. Сонда да қыңқ еткен дыбыс шығарып, бала болып жыламады да. Сол соғыста жеңімпаз болады деп сенген едім, қайтейін?!
Өзегім өртеніп барады. Төзе алмаймын, төзу мүмкін емес. Қара жерге кіріп кетіп, балапанымның қасында құшақтап жатқым келеді. Бірақ, біздің емес, Құдереті шексіз күшті Алланың маңдайға жазғаны болады екен.
Соңғы сәтіне дейін жан қиналысын білдіріп, бала болып жыламады да ғой, жан жүрегім. Жаны шығар сәтте қиналғанда курткасының бегуногын қатты тістеп алған ғой. Сонда да азаптанғанын білдіргісі келмей жанталасқаны ғой жарығымның. Бақұл бол, балапаным. Алла рухыңды пейіштің төрінде шалқытсын. Жаның жұмақта деген сөз ғана көңіліме медет.